Тұғырлы тәуелсіздікке-25 жыл
Неткен
байтақ, неткен ұлы жер едің,
Нендей күйге
жүрегімді бөледің.
Сенде тудым,
сенде өстім, сенде өлем.
«Арманым жоқ,
бұл дүниеде» дер едім.
Болдым ғашық,
туған дала, мен саған,
Алыс жүрсем,
арманым-сен аңсаған.
Жақын жүрсем,
мен төрінде рахаттың,
Өз Отаным-өзім туған босағам.
Туған жер жайлы жыр да, қара сөзбен жазылған шығармалар
да әрбір халықтың әдебиетінде молынан кездеседі.
Бұдан біз әр халықтың туған
жерін ардық тұтып, анасындай қастерлейтінін байқағандаймыз. Біздің қазақ халқы
да туған жер қадірін жас ұрпақ бойына, санасына бала кезінен-ақ сіңіруге
ұмтылатындығын туған жер жайлы мақал-мәтелдерден, аңыздар мен батырлық
жырларынан көреміз. «Ит-тойған жеріне, ер-туған жеріне» немесе «Туған жердей
жер болмас, туған елдей ел болмас» деп ерекшелеп көрсетеді. Туған жерін
сағынғанда патшалығын да тастап, елге тартқан Бейбарыс баба туралы аңыз да
жүрекке жылы.
Бұлардың бәрінен шығатын
қорытынды әркімге туған жері, туған елі қымбат екендігі деп ойлаймын.
Егеулі найза қолға
алып,еңку-еңку жер шалып ел қорғаған батыр бабаларымыз бен аналарымыздың бізгі
қалдырған аманатындай туған елімізді қорғау, нығайту-әрбірімізге парыз.
«Елің үшін отқа түс-күймейсің»
дегендей, туған елінің бостандығы, жерінің азаттығы үшін күрескен әр замандағы
ардақты ерлерін туған елі ешқашан ұмытқан да емес, ұмытпақ та емес.
Екі жүз жыл бойы қазақ халқына
тыным бермеген жоңғар басқыншыларына қарсы елін бастап ерлікпен соғысқан қайтпас
батырларымыз-Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай
бастаған батырлардың Әз-Тәуке, хан Абылай, Кенесары сынды хандардың туған елі
үшін бастарын бәйгеге тіккен ерліктерін бүгінгі ұрпақтары, біздер мақтаныш
етеміз, бабалар рухынан қуат аламыз.
Өз елі, өз ерлері ескермесе,
Ел тегі, алсын қайдан
кемеңгерді,-дегендей, туған елі барда, ержүрек ұлдары мен қыздары халық жадында
мәңгі сақтала бермек.
Қандай дүние жетеді балауыңа!
Бәрі сенің, жан Отан,
қалауыңа!
Өз бейнеңдей әлемге тұр
танылып,
Қазақстан гербі де, жалауы
да,-деген Жұбан Молдағалиевтің «Мен-қазақпын» поэмасындағы туған елге, жерге
деген ыстық махаббаты әрбіріміздің жүрегімізден орын алуы керек. Туған жерін
тұғырына балаған арқалы ақын, төкпе жыршылардың жыр тілі арқылы туған жерге
деген сезімімізді жеткізгендейміз:
«Жалбыр тон жетім болып
жүргенімде,
Көтеріп қаратып ең мені күнге.
Әкем де, анам да сен, туған
елім,
Сен үшін
ырысым да, қасіретім де»,-деп Қасым
Аманжолов тебірене жырласа, біздің байтақ Қазақстанның жер шоқтығы атанған сұлу
Көкшетау жерін, сал-серілердің ұрпағы, қадірменді елін әнге, жырға қоспаған да
ақын жоқ-ау, сірә?!
Атыраудан
Алтайға дейінгі, ақ Есіл мен Алатауға дейінгі барлық қазақ өлкесі-менің туған
өлкем, тұғырлы өлкем. Менің ойымша, туған жер дегеніміз- дүние есігін ашқан
ауыл немесе қала ғана болмауы тиіс. Бұрынғы ата-бабаларымыз ел тұтастығын
ойлап, туған елінің қай шетіне жау тисе, сол жерге алыстан ат арытып көмекке
барғаны тарихтан белгілі. Мысалы: Арғын Ағынтай батыр Алатаудағы Үйсін Қарасай
батырға көмекке барса, Кіші жүз батырлары Қабанбай батырмен бірге Алтай
тауларында жауменен соғыс салған. Ағынтай мен Қарасайдың қасиетті Айыртау
жерінде қатар жерленуі, Қаракерей Қабанбайдың Астана мыңында мәңгілік
дамылдауы-түптің-түбінде ел бірлігін ойлағандықтан болса керек.
Аталарымыз
ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап бізге жеткізген-ұлан-байтақ
жеріміз, алтын бесігімізді мекен еткен қазақ халқы, барша ұлттарды бауырға
басқан кең қолтық та мейірбанды халық. Менің туған жер жайлы толғанысымды Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың
мынау ойларымен сабақтай кетсем артық болмас деймін: «Тәуелсіздіктің қайта оралғаны
біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің заңды өтеуі. Жаратқан
Иенің жасаған әділдігі. Ата-бабаларымыздың осыншама байтақ жердің ақ найзаның
ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалғанының арқасы. Мұндай жер болмаса,
мұндай ел де болмас еді».
Ия, мұндай
жер болмаса, мұндай ел де жоқ. Мен үшін елімнің қай қиыры болсын-ыстық та,
қимас мекен.
Туған
жеріміз жайлы ойларымызды тағы да Елбасының сөзімен жалғастырайын: «Құдай
қазаққа қырын қарамаған: пейіліне сай етіп ұлан-ғайыр жер берген, астын-үстін
толтырып кен берген, мейірбан, ақ көңіл, адал ел берген, жаны үшін малын, ары
үшін жанын садаға ететін ер берген».