«Ақмола облысы білім басқармасының Зеренді ауданы бойынша білім бөлімі Шағалалы ауылының жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение «Общеобразовательная школа села Шагалалы отдела образования по Зерендинскому району управления образования Акмолинской области»

Біздің әлеуметтік парақшаларымыз

    

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Атымды адам қойған соң...

11.11.2020

                                 «Атымды адам қойған соң...»

                             (Абайдың адамгершілік толғамдары)

... Абай қазақ елі әлемдік ел қазынасынан тәлім- тәрбие алса ғана жарыққа жететінін білген. Елі- жұртын үгіттеумен бірге өз білім тәрбиесін, әсіресе жазушылық, әлеуметтік еңбек талабын,бұрын, бұның алдында өзге ақындар бармаған бағытқа, түспеген арнаға салады. Оны классик, данышпан Абай еткен де, осы бақытты бағыты мен қажымастық еңбегі... Барлық қазақ халқының өткен тарихында ең зор биікке шыққан, асыл тұрғыны ашқан, айнымас қадірі зор классигі болып танылады.

                                                                   Мұхтар Омарханұлы Әуезов

      Қазақ халқының өткен замандағы зиялылығы мен кемеңгерлігінің асқар шыңы, туған елінің бай да шешен ауыз әдебиетіне халық даналығының тамаша дәстүрлерінен нәр алған, шығыс- батыс келбетінің құрыс- құймаларын озық әдебиеттің дәстүрлерін мол баураған әрі табиғатынан өзі де ойшыл шешен Абай кең дарқан даласына құлашын жая, ұлағатын айта келді.  Бала күннен- ақ халқымыздың батылдық, ақындық, шешендік, қарапайымдылық әдеттерін әрі көре, әрі ақын- жыраулар, ата- әжелер арқылы естіп, құлағына сіңіре, саналы ойына қандыра өскен Абай, халқымның даналық сөздерін, мақал- мәтелдерді ести жүре, оны болашақ өмірде қажеттілігін аңғарған жас жадында ерекше сақтады да, кемеліне келген кәдеге жаратып, сол жайында адамгершілік ой- пікір айтып, теориялық тоқтамға келгенін білеміз.Халқымның данышпан кемеңгері Абайдың алғашқы- тұңғыш шығармасы «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңінің өзінде – ақ болашақ данагөйдің кім екенін аңғартқан еді , өзінің адамгершіліктегі асқан шеберлігін де осы өлеңі арқылы танытқан еді. Мұнда қазақтың саятшылық өнерінің үздік шеберлікпен берілген ғажайып көркем әрі мейлінше дәл берілген суреттері бар. Малмен көзін ашқан халқымның ең жақсы да жүйрік атын мініп, қарапайым да дос, мейірімді де жолдасына қалтқысыз берілген тату жолдас ертіп, аңға шығуы, алпыс екі айлалы түлкіні алып, жасы үлкендерге, олжасын өзі иемденбей, сыйға тартуы-қандай адамгершілік қасиет!

... Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,

Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға...

Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,

О дағы осал жау емес қыран паңға...

Жарқ-жарқ етіп екеуі айқасалы,

Жеке батыр шыққандай қан майданға...

Құсы да, иесі де қоразданар,

Алпыс екі айлалы түлкі алғанға.

«Үйірілген үш тоғыз» деп жымыңдап,

Жасы үлкені жанына байланғанда»...Өзі айтқандай, ерте оянып, ойланған данышпан Абай халқын да ерте оятпақ, ойландырмақ болды. Өзінің ең қуатты қаруы- поэзиясын сол мақсатқа жұмсады. Абай- қазақ мәдениеті тарихында орны зор, замандастарынан мүлде озық, ерекше тұлға. Кезіндегі ақын- жазушылардан Абайдың шоқтығы әлдеқайда биік. Ол заманының озық ойлы демократы, ірі ағартушысы, терең ойшылы, қоғам қайраткері болды. Абай өзінің «Болыс болдым, мінекей», «Мәз болады болысың», «Бойы бұлғаң»,  «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» өлеңдерінде өткір сыншы-сатирик болып қалыптасқан жазушы екенін танытты. Абай бай мен кедейдің арасындағы тұрмыс қайшылығын, дәулет теңсіздігін көрді. Өзінің «Күз», « Қараша желтоқсанмен сол бір екі ай» деген өлеңдерінде қазақ кедейлері мен байларының өмірін салыстыра отырып, кедейлердің қара суықты күз айларындағы аянышты халін айқын танытады.

«Кедейдің өзі жүрер малды бағып,

Отыруға отын жоқ үзбей жағып.

Тоңған үйін жылытып, тонын илеп,

Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып»- деп Абай қазақ кедейлерінің жоқшылығы мен ауыр тұрмысын, оның шындық суретін тамаша реалистікпен берді. Осы бір үзіндінің өзінде талай сыр, талай сипат талай күңгірт бояу түстері жатыр. Далада, мал артында, ауыр азапта жүрген кедей, оның жыртық панасыз, отынсыз үйі, сол жайсыз үйдегі байдың терісін илеп, өрмегін тоқып отырған әйелі көзіне анық елестейді. Абай өлеңдеріндегі беті ашық әлеуметтік мәселенің бірі- қазақ әйелдерінің жайы, қазақ жастарының махаббат, еркіндік мәселесі. Махаббат, достық тақырыбы Абай өлеңдерінің кең қамтитын, жалпы адамгершілік идеясымен қабысып келетін мәселе. Абай бұл мәселелерді көтеруде де өзінің жаңашыл, бұқарашыл ақын екенін танытты. Ол қазақ қыздарының теңдіксіз езіліп, сүйгеніне қосыла алмай келген ауыр халін көрді. Өзі ол жағдайға наразылық білдіріп, аянышты сезімге толы өлеңдерін шығарды.Қазақтың феодалдық қоғамы әйелдерді қорлап ұстап, сүймесіне зорлап қосты. Мал- мүлік орнына жұмсалып, сатып алуға жол берді. Ол өзінің «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген өлеңінде осы салт бойынша жас өмірін қор еткен қазақ қызының трагедиясын жыр етеді: «Етімді шал сипаған құрт жесін деп, Жартастан қыз құлапты терең суға»... Бұдан кейін Абай үйлену, ерлі- зайыпты болу ісіне немқұрайды қарауға, мал беріп алғанның бәрі әйел болып, өмір сүруге болады- мыс дегенге қарсы сын айтады:

«Есерлер жас қатынды тұтады екен,

Жас қайғысын білдірмей жұтады екен.

Ортасында бұлардың махаббат жоқ...» Осылайша, Абай  достық пен махаббатқа бөленген, тату- тәтті, ерлі- зайыпты өмірді керек етіп, бірақ оны малмен сатып алуға болмайды, жүрек епке көнбейді, күні өткен кәрі мен өмірі алда балбыраған жас қорлық өмір сүре алмайды дейді. Абай өзінің шығармаларында әйелді қоғамның тең мүшесі, оны қорлауға болмайды; адам баласының тең жартысы әйел, ол біреуге ана, біреуге қарындас, сүйген жары деп дұрыс түсіндіреді. Гуманист Абай өзінің өлеңдерінде адамды қорлауға қарсы шығып, ер , әйел деп жынысына бөліп, бірін ол, бірін бұл деп қарауға наразы болды. Адам баласын достыққа үндеп отырды.

«Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,

Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз.

Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,

Қиянатшыл болмақты естен кеткіз», -дейді Абай. Адам үй- ішімен, жолдасымен шын дос болып, тату-тәтті өмір сүруі керек деп, сол достықты еңбекші халық алдына тартады. Дүниенің қызығы, өмірдегі жан тыным табар жұбанышы- достық өмірде деп білген Абай:«Қызықтан өзге қалсаң бос, Қатының, балаң- досың бар»- деп, ең адал достық солардан табылады, қызығың үйде, солардың ортасында бол дейді. Абайдың достық туралы пікірлері оның адамгершілік идеяларымен тығыз байланысты. Өзінің қарасөздері мен өлеңдерінде Абай: өмірде ең қызық нәрсе- адамды сүюшілік, одан өзге еш нәрсе жоқ дейді. Ол адамды сыйлап, бауыр тұтып отыруды керек қылды, оны адамдықтың қарызы деп білді. Абай осылайша, адамгершілікті жоғары ұстаған жазушы.Адамға лайықты ақыл, ой табар жолды көрсетіп, өнер- білімге,еңбекке үндеді. Адамгершілікке сыйымды іс қылып, өнер табуды керек қылды. Абай өлеңдері- еңбексүйгіштікке, еңбекші жұртшылықты сыйлауға тәрбиелейтін зор идеялы шығарма. Абай дүниеде өмір сүруде, оны білу, тану да- бәрі еңбекпен болатын нәрсе екенін түсінді. Адам өмірі үшін де еңбектің шешуші роль атқаратынын ескертті. «Еңбексіз өмір азғын, тозғындап бітеді», деп білді. Абайдың даналық пікірлері- мәңгі өлмек емес ұрпағымыздың асыл мұрасы.

                         Шағалалы орта мектебінің

                         қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Нурмагамбетова Г.Б.

Просмотров: 372


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст